Автор туралы Өлеңдер Жинақтар Әндер Зерттеулер Галерея Қонақ кітабы
← Барлық өлеңдер
semserdin-juzine-osken-gul

Айырауық

Айырауық

I
Ыңыранды қобыз
Сүттей шымырлаған үнге
Сүңгідім де кеттім.
Күндей күркіреген ойдың
Көмбесіне жеттім.

Ой іші кеңістік екен ––
Бағзы бір адамдар көші.
Аспаннан ағады өзен
Ауада...
Көбелек исі.

Бұл жердің күні де басқа
Шаттығы, мұңы да бөтен.
Тоғайдан төгілген үнге
Топырақ жылынады екен.

Екі ішек бұрқ етті
өрттен,
Қандай шер жандырды екен.
Қос қылдан құлаған дыбыс,
Қазақтың
Тағдыры ма екен.

Сол дыбыс татыса кермек
КҮЙ деген
осы ғой деңіз.
...Шанақта шайқалған әуен
Бейне бір толқыған теңіз.













II

Құсар перне бетінен дүр еткен әуен
Жаныма тастады кейіс.
Кеудемді шарпыған өрті
«Қиямет» болуға тиіс.

Екі ішек бетінен қалқып
Сусылдап төменге тартты.
Демінің лебінен...
дүние шұрқырап жатты.

Жамырап мың жұпары
Шымырлай жүрекке тұнды.
Әр мақам бұтағында
мәуелі...
гүл атып тұрды.

Соңғы саз
қаңқ етті қаздай
Шанақтан құйылып жаңа.
Әуеден құлады төмен
Бір шөкім ұйыған ауа.

Қос ішек
пәни мен бахи
Уілдеп құшағын ашты
КӨРМЕДІК НЕЛІКТЕН КҮЙДІҢ
КӨЗІНЕН БҰРҚ ЕТКЕН ЖАСТЫ.