Автор туралы Өлеңдер Жинақтар Әндер Зерттеулер Галерея Қонақ кітабы
← Барлық өлеңдер
semserdin-juzine-osken-gul

...Осынау қалалар мен елді мекендер халқы құдайға

...Осынау қалалар мен елді мекендер халқы құдайға
құлшылық ететін. Бірақ, сол құдайы олардың
дүниеге тура қарауына көп кедергі жасайтын.
( М. Симашко)
I

Таным – теріс,
Талғам – қисық
Мейлі...
Қарсы шықсын мың ойшыл.
Жалғыз сөзде шындық қалды
мен үшін:
«Жаман адам құдайшыл».
Көбік ауыз көсемге ерген
Құдай-ай...
Әй, не деген есер ем.
Кәне, содан шыққан мүйіз
Мінекей,
Көгермеді көсегем.
Ақыл кеппей,
Ауа жетпей тұншығып
шықсам биік аңғарға,
Жұмекеннің жазуы тұр о, тоба:
«КЕЙБІР ЕЛДІҢ ҚҰДАЙЫ ДА АУДАРМА».
Сүйек жасып,
Су боп ақтым бір демде
...қайдан көрсін мұны көз.
Шындығынан тау балқыған, япыр-ай
бұл не деген ұлы сөз.
Алжастық-ау
Ал, арсыздық исінен...
Борсып кетер әр теңіз.
ЖАН-ТӘНІМІЗ
СЕНГЕН ҚҰДАЙ КҮНІ ЕРТЕҢ
АЛДАП СОҚСА ҚАЙТЕМІЗ?..









II

Құдайдың құдіреті адам арқылы көрінеді...
(Мәшһүр-Жүсіп) Тәңірдің тілі бар...
Біз кеттік киелі ілімнен.
Сауал көп санада
саусақтай бүгілген.
Құдайдың бар-жоғы
байқалар кеудеде
Қандағы ұжданның
Қарасақ нілінен.

Дүние тылсым-ды
Өзгеше көруге
Өмірім ұмсынды.
Сол мезет...
Абайды сабаған қамшының
Қайыра дүр етіп
Қанымнан естілді сусылы.

Садақа жәшігі
Сиқырлап ішімді,
Теңіздей топан сөз
Түбінен ішілді.
Сол үшін сыңғырлап
Әуелеп азандар
«құдайды» қуалап
Құрыққа түсірді.


«Құдайға» айналу...
Осы жол – анық-ты.
Қорқуда құдай жоқ
Сүйгенде жарықты.
Тең тұрып тілдесер
Жетілген жан таппай
ҚҰДАЙ ДА «ҚҰЛДАР» мен
«КҮҢДЕРДЕН» жалықты...







III

«...Соған өз халіңше ұқсауды шарт қыл.
Алла-Тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен
ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ-дәл бірдейлік
дағуасымен емес, соның соңында болмақ...».
(Абай)

Мен аяқ астынан «Құдай» боп кетсем
Адамдар бес уақыт атымды айтар,
даңқымды сатар
ішіне орап тұмардың.
Сонда деймін-ау
Маған жылағаннан,
сұрағаннан басқа
жұмысы жоқ па бұлардың.
Базбірінің бауыр еті қара ниет болса да
«О, Жаратқан
жолын мұның оңғар» деп
Жалбарынар жасын төгіп түнімен
(Жаратпасам да мұны мен).
Менің ақы алмайтынымды,
жершіл болмайтынымды
мынау жұрт
түсіне ала ма шынымен.
Пейішім – пенденің көңілі,
Тозағым – ұяты,
Мекенім – жүрегі екенін
жып-жылы қан болып
сыбырлап айтады әр сөзім
(Көрсетіп көп сенім қатесін).
Тамырдан тіл қатқан осы үнді
Тіпті, көбінің
еш естігісі де келмейтінін қайтерсің.
Ай, көрдім ғой нелерді
Небір найсап
шымырлатты-ау төбемді.
Жүндей түтіп жібергім-ақ келгенді
Кештім бәрін,
ұмыт қылдым
енді мен...
Мейірімді «Құдаймын» ғой себебі.


PS.
Жалғыздық – «Құдайға» айналу
Кейде сол жалқылығыңнан
түсіп те кетеді иінің.
Ал арыны басылмаған
қызба бас
қалың тобыр қайдан білсін...
«Құдай» болудың қиынын.