Автор туралы Өлеңдер Жинақтар Әндер Зерттеулер Галерея Қонақ кітабы
← Барлық зерттеулер
Алаш

Ескендір синдромы

2026-05-26 · 5 мин оқу
Ескендір синдромы

Бұрын қазақта «Алаш дегенде аттандамағанды атаң да болсын ұрып жық» деген түсінік бар еді. Бұл жердегі Алаш сөзі мемлекеттік мазмұнға пар киелі ұғым. Бұл бір ұлттың бір ұғымға ғана ұйысып ғұмыр кешкендігін көрсететін ғажайып сөз. Қазір осы іргелі түсінікті сетінету мен жентектеуге үлкен жанталастар жүріп жатыр. Біздің Абай мен Шәкәрім, Мәшһүр мен Ақжан (Машани) жайлы айта беруіміздің себебі, біз ұлттың ұлы құндылықтарын осы тұлғалардың көзқарасының негізінде ғана синтездеп үйренуге тиіспіз. Дәлірек айтар болсақ, арғысы Әл Фараби мен бергісі Әлиханға дейін созылып жатқан алыптар керуені біздің рухани индикаторымыз болуы керек. Әйтпей болмайды. Тұлғалар сүзгісінен өтпеген таным ұлт үшін ең қауіпті таным. Бұл шағын ғана дүниеміз осы ниетпен жазылып отыр. Біз Абай мен Шәкәрім идеясын алға сала отырып, бүгінгі бұзылған түсініктерімізге аз-кем барлау жасадық. Жетпеген жері мен кеткен қателігі болса ғафу етерсіз, құрметті оқырман қауым.

«Мазлұм» мәселесі

(мақалаға кіріспе)

Қазақта «Халық – Жаратушының бір есімі» деген сөз бар. Расында, Жаббар иенің 99 есімінің бірі осы есіммен (Әл Халиқ деп) аталатыны мәлім. Бұл сөздің танымдық мәні қандай? Тарихтан тәбәрікке жеткен осы бір ұғымның салмағын Абай хакім бүй деп саралаған екен.

Мазлұмға жаның ашып ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.

Бұл жердегі «мазлұм» сөзі зұлымдық пен жәбірге ұшыраған жан иесі турасында. Өлеңнен түсінгеніміз: қиянатқа ұшыраған адамға барынша ара түсіп, болысып бақ. Себебі аурудың көңілі мен аштың тілегінде Құдайдың хақысы бар.

Өлеңнің екінші жолына қарай ойысар болсақ, мұнда көпшілік қамы жайында айтылады: әрбір әрекетіңнің пайдасын көпшілік көрер болсын, халқыңның жағында бол дейді хакім. Расында, адам жан дүниесі осыны толыққанды түсінгенде ғана жұпарлана түспек. Алла мен адам арасындағы қатынасты құлып пен кілт тәрізді десек, ендеше оның бірінсіз бірінің мәні болмақ емес. Адамзат үшін Алланың құлпы (сыры) адамдыққа жеткенде ғана ашылады. Кісілік кемерінің ең биігі кісіге жақсылық жасау десек, Алланы тану дегеніміз адамзатқа қызмет ету деп пайымдасақ та болады. Ардақты Шәкәрімнің «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» идеясынан да осы бір ой ұшығының мөлдірейтіні сол. Өлеңнің үшінші әм соңғы жолдары ортаға салынған осы бір мәселені одан әрмен үстей түсіп, мынадай бәтуаға бекиді: «Жамиғат қамы – жаратқан қамы. Адамды сүйгенді Алланың өзі сүйеді» дейді. БІЗ БҰЛ ОЙДАН ҚҰДАЙҒА ҚҰЛШЫЛЫҚ ЕТУДІҢ ЕҢ ТӨРЕСІ ХАЛҚЫҢА ҚЫЗМЕТ ЕТУ ЕКЕНДІГІН, ЖАРАТҚАННЫҢ ХОШЫ МЕН СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ БӨЛЕНУДІҢ БАСТЫ ЖОЛЫ ҚАРАША КӨҢІЛІМЕН ҒАНА БОЛАТЫНЫН БАҒАМДАЙМЫЗ.

Ендеше, бір шумақ өлеңнен сүзіліп шыққан гауһардай ойдың түйіні: халқына шет болғанның құдайдың да мейірімінен құралақан қалатыны анық болғаны ғой...

Хан мен қараша

Жасыратыны жоқ, жоғарыдағы өлеңді талдаудағы бар мақсатымыз мынау. Бұрнағы қазақ өмірінде бұл тұжырым бұзылмас дәстүр мен бұлжымас қағида болатын. «Халықты құдайдың бір есімі» деп білетін қазақ үшін, хан қарашаның қызметкері ғана-тұғын. Қайталап айтамыз, тек қызметкері еді.

Ескі жазбаларымыз бен этнографиямызға назар салсаңыз, бұл ойымыздың айдай анық екендігіне тағы бір көз жеткізген болар едіңіз. Хан халықтың ықпалында болғандығын, ханға қарасты он өлеңнің тоғызы оған сын мақсатында айтылып жатса, мұны басқалай қалай деп тұжырымдауға болады. Осы орайда мына бір мәселені де айрықша айтқымыз келеді. Бұл біздің дін мен ділдің өзара айырмашылығын парықтай алмауымыз дер едік. Жасыратыны жоқ, қазақ топырағына ислам дінмен бірге араб танымы қоса сіңді. Мәселен, араб пен еврей жұртының өмірбақи бірі мен бірі жауласып келе жатқандығы бәрімізге мәлім. Қай ел болмасын қарсылас дұшпанын тек жағымсыз бейнеде ғана сомдайтыны анық. Кейін ол жаппай тарихи, я болмаса әдеби танымға айналып ел есінде бекіп қалады. Ендеше анау айдалада жатқан еврейді қазақтың жау көріп оған өшпенділікпен қарауының нендей себебі бар

(Мұны базбіреулер Құраннан келген бұйырық дер. Аланың мақсаты ұлт пен ұлысты шарпыстыру болса, «Адамзаттың бәрін сүй» идеясы қайдан шағады сонда?) Себеп, санамызға араб салт-санасының дінмен қоса сіңісіп кетуінде ғана. Арабтың дін қарындас түрік жұртына да ала бөтен қарауының астарында кешегі Осман империясынан қалған «салқындық» жатыр. Сол секілді қазақтың хан мен қараша арасындағы дербес қатынасының бұзылуына осы бір елден жұққан салт-сананың тигізген әсері мол (Мұны Алла жеткірсе, алдағы уақыттарда кеңінен толғап жазатын болғандықтан осы жерден тізгін тартамыз).

Біз әншейінде бір мәселелер шетінде «Бабалар жолы – басты мұратымыз» деп ұрандата жөнелеміз. Сөйтеміз де бәрін керісінше жасаймыз. Зайырлы қоғам заңдылықтарын батыстан іздеген «данышпандарымызға» мына бір жайға қайыра қарауды қатаң ұсынамыз. Тұран топырағында салтанат құрған демократияның жарқын үлгілері болып саналатын «дат», «ханталапай», «ханталақ», «қазы» (...Ашулансаң Абылай, көтеріп қазға салармын (Бұқар), секілді көптеген ұғымдарымыздың танымдық табиғатына тереңірек бойласа дейміз (Мұны өзгелермен салыстыра отырып жіті зерделеуді заңгерлеріміз бен тарихшыларымыздың, сондай-ақ саясаттанушыларымыздың арына аманат етеміз).

Сонымен жоғарыдағы ұғымға қайыра оралып, оның қалайша транцформацияға түскендігі жайында қысқалай сөз түйіндей кетейік. Дала дәстүрінің түсінігіне мүлде жат, адамнан (дұрысы патшадан) ақиқат жасап, оған бас шұлғыту тәсілінің орнығуына орыс отаршылдығының қосқан үлесі мол. Тәжірибе көрсеткендей, төл түсінікті талқан етудің ең бір төте жолы сенім мәселесі екендігі сөзсіз. Ал оның қайнар бастауының діннен тамыр тартатыны тағы да белгілі.

II Екатерина патшайым тұсында, миладидің 1785 жылының қарашасында қабылдаған жарлық құжатта: « ...қырғыздардың (қазақтардың) арасына Қазан татарларынан іріктеп , бізге шын берілген, сенімді молдаларды жолдау қажет. Олар қазақтарды патшаға берілген рухта тәрбие жүргізсін. Бұл молдалардың шығынын үкімет мойынына алып, үздік міндет атқарғандарға сый-сияпат беріліп тұрсын» деп жазылған екен. Осылайша «указный молда» мандатын иемденіп, дін атын жамылған осы жандардың негізгі мақсаты отаршылдық идеясын одан әрі жүргізу еді. Жоғарыдағы жарлықта көрсетілгендей, патшаға қатысты жағымпаздану мен жарамсақтанудың неше алуан тәсілдерін ойлап тауып, күн ұзақ ақ патшаға алғыс айту мен салауат жаудыру бұлардың ең негізгі жұмысы-тұғын. Сол секілді қасиетті құран мен хадистің кей ұғымдарын басқалай бұрмалап, қазақ социумының санасына басшыдан сескену мен қорқуды орнықтырған да осы «шіркіндер» еді. Содан бері қария тарих дөңгелегі үш ғасырға аунаса да осы «салқынның» салдары, күні бүгінге дейін мешіт мұнараларынан әуелеген шариғат уағыздарынан жиі-жиі байқалып қалады. Ел экономикасы мен әлемдік саясатты «патшаның амандығымен» түсіндіруге тырысқан ескі методиканың қай ғасырдың қаңсығы екендігін сау адам санасы бірден саралай алады.

XXI ғасырда прогрессивті ойлауды толығымен тежеп, халықты «мұндай өтіріктердің» жөргегінде тербеу дегеніміз шынымен ұят тегі. Айтпақшы, биылғы жер саудасы науқанында молда-қаралардың қасиетті дінді көрінген жерге көлегейлеген әрекеттері бұған тағы бір көзімізді жеткізді. Адам зәузәтінің арғы тегі топырақ десек, жер мәселесі жан мен қан, ұлт пен ұрпақ мәселесі ғой. Тіріде түтініңді түтетер, өлсең денеңді дамылдатар тірегіңді сату дегенің, расымен-ақ ақылға томпақ нәрсе. Мұны айрықша айтып отырған себебіміз, осы бір жәйт хан мен қараша арасының тым алыстап кеткендігін, жоғарыдағы таным түсінігімізді қаншалықты табанасты қылғанымызды түсіндіріп берген үлкен бір оқиға болды.

«Ескендір» синдромы

(немесе нәпсі ішіндегі хал)

Біздің түсінігімізде шәкірт атаулы ұстаз ұстанымын әрі қарай жалғастырушы мұрагер секілді. Кейде осы қағиданың бұзылып, басқалай бағдар тартып кететіні тағы да бар. Абай өзіне пір тұтқан Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науай, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз іспетті алыптар шоғырының көзқарасынан бөлек, жекелей жол таңдаған айрықша тұлға. Бұған мына бір деректі келтірсек те болады. Төбедегі аты аталған ұстаздарының дені Ескендір Зұлқарнайынды жеріне жеткізе мақтап, аспандатып әкетсе, Абай керісінше жазған. Абайдың алдыңғы ақындардан басты айырмашылығы, поэманы тарихи деректілікке емес, танымдық қабаттарға құрып, адам болмысының мәнін іздейді. Міне, біз қаузамақ мәселенің төркіні де осы.

Аңдаған адамға Абай жазған Ескендірдің «соғысы» жұмыр жер үстіндегі майдан емес, адам болмысының ішіндегі нәпсімен күрес. Қайыра айтайық, бұған сыртқы ортаның титтей де қатысы жоқ.

Мұны хакімнің өз пәлсапасымен пайымдар болсақ, «махаббат пен ғадауаттың» бітіспес майданы ғана.

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?

Македония шаһары оған мекен.

Филип патша баласы ер көңілді,

Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.

Өлеңнің алғашқы жолдары билеушінің автобиографиясынан ақпар берсе, соңғы жолы оның «мақтансүйгіштігі» мен «қызғаншақтығына» қатысты. Міне, гәптің бәрі осында жатыр. Осы екі феномен (мақтан мен қызғаныш) оқиғаның ең негізгі қозғаушы күші десек те болады. Абайға салсақ, адам тақылетінің тумысында бар «бұл екеудің» кісіге тигізер кесепаты мен жемірлігі жеті басты айдаһардан да күшті. Ал, ол жекелей кісінің ғана емес, дүйім жанды билеген патшаның бойынан табылса ше? Әрине, ойлаудың өзі қорқынышты. Десек те мұның көпке келтіре қоярдай соншалықты зияны жоқ. Неге дейсіз ғой? Көп көнгіш, ол сондығымен де тобыр. Оның бір нәрсеге бейімделгіштігі сондай, кім билесін соның іс-әрекетіне қарай икемделе береді. Хакімнің

«...Сол күнде хошаметші айтады екен:

Ханның ханы, патшаның патшасы деп» отырғаны да сол. Бұл тенденция жұмыр жер бетіндегі исі тобырдың табиғатына тән нәрсе десек қателесе қоймаспыз. Әйгілі жапон жазушысы Р. Акутагава өзінің бір әңгімесінде патшаның пар өгіз жеккен күймесінің бір шаруаны қағып кететіні жайында жазады. Сонда әлгі бейбақтың «осы бір аса бақытты сәтті» тағдырына жазған Тәңіріне жылап алғыс айтатыны бар. Міне, тобырлық таным дегеніміз осы. Бүгін де сіз бенен біз Абай мен Акутагаваның бұл мысалынан қаншалықты айырмашылық көріп отырмыз. Аумаған өз халіміз ғой...

Қазақ дүниетанымындағы «әбілхаят» немесе «мықан ағашы» іспетті ұғымдардың негізгі мәні мәңгілік өмірге қатысты. Құрандағы Қызыр мен Мұса ғалиһсәләмнің өлі балық тірілетін су жағасында жолығуы да осыны меңзейді. Осы бір жырдан жырға, аңыздан аңызға ауысып жүре беретін көшпелі мотив Ескендір поэмасында да ұшырасады.

«...Кепкен балық келтіртті сонда тұрып,

Сол суға балықты алды бір жудырып.

Исі, дәмі өзгеше болып кетті,

Таң қалды мұның бәрін суға жорып...»

Дәстүлі түсінікке салып пайымдар болсақ, бұл жердегі «балық» ұғымы мәңгіліктің мәні туралы. Сонда адамның мәңгілікке өмір сүруге құзіреті бар ма өзі? Шәкәрімге салсақ: «Нәпсісін жеңген адам мәңгілік, оған ешбір өлім жоқ» дейді. Халқымыздың енді бір ұғымында мәңгілік пәлсапасы бақиға тиесілі. Қазақтың бақи ұғымының алдына мәңгі сөзін қосақтап «мәңгібақи» деп сөз саптауы да осыны меңзейді. Қысқасы, тұмса түсініктің шүңет ұғымдарының астарында «өмірдің мәнін» іздеу сұрағының жасырылып тұрғандығы аян.

«...Сол әскер суды өрлеп талай жүрді,

Судың басы бір құзар шатқа кірді.

Шаттың ауызын бекіткен алтын қорған,

Қақпасын бекітулі көзі көрді...»

Қазыналы алтын қорғанды Алланың хикметі десек, бұл жердегі «қақпа» кәдімгі физикалық қақпа емес, танымдық мәселе ғой. Пенденің көкірек көзін шелмен көмкерген кәдімгі қара қақпа. «Жүректің көзіне» қойылған осы бір қақпа ауызындағы құлыптың атауы «мақтан» мен «қызғаныш» екендігі даусыз.

«...Қақпаның ар жағынан біреу келді,

Күзетшісі сол екен дыбыс берді.

Қақпаны саған ашар рұхсат жоқ

Бұл - құдайға бастайтын қақпа, -деді...»

Данышпан жасырған жұмбақтың құпиясы ептеп сетінейін деді. Поэманың барлық шумағын талдап отыру біздің негізгі міндетіміз емес.

Бір нәрсені анық дейміз. Ол Аллаға апарар жолдың адам кеудесіндегі қақпаның ашылуымен тікелей байланыста екендігі ғана.