Автор туралы Өлеңдер Жинақтар Әндер Зерттеулер Галерея Қонақ кітабы
← Барлық зерттеулер
Алаш

Бір шумақ өлең немесе «жүз он бесінші сүре»

2026-05-26T08:10:50Z · 8 мин оқу
Бір шумақ өлең  немесе «жүз он бесінші сүре»

Бір шумақ өлең немесе «жүз он бесінші сүре»

«Өлімнен кейінгі өмір»

Өлім... Төрт әріптің тізбегінен ғана тұратын осы атауды естігенде күллі инсан атаулының бойын беймәлім бір үрей билейтіні мәлім. Солай десек те төрткүл дүниеде хансың ба, қарасың ба, күштісің бе, әлсізсің бе, тіпті таудай мансабыңа да тіктеп қарамайтын, әлемдегі ең әділетті дүние де осы өлім. Сүйегіңді жасытқан қорлық пен ащы азаптың шеңгелінен шығарып құлантаза құтқаратын да рас, «мәртебелі» өлім емес пе. Біздің бұл ахуалымызды хакім Абай «Өлім барда қорлық жоқ» деп жалғыз-ақ ауыз сөзбен шегендей салыпты. Рас, өлімнен кейінгі «өмірдің» кімді болсын ойландырмай қоймасы анық. Өлімнен кейін «өмір» бар ма? Шыбын жан шыққаннан кейін қайда барады? Міне, Американың әйгілі психолог дәрігері Раймонд Моудидің «Өлімнен кейінгі өмір» атты әйгілі еңбегін мақала тақырыбына тиянақ етіп отырғанымыздың себебі де сол. Аталған кітапты оқып отырып өлімнің де «екінші беті» болатынын, оның анау айтқандай үрейлі емес екендігін ұғасыз. Бір ескеретін жайт, мұны әлі де болса сау ақылға салып төрелетпейтін, не нәрсені қызуқанды (эмоционалды) қабылдайтын оқырман үшін аталған еңбектің аса қатерлі екендігін де айта кеткіміз келеді. Кітаптың соңғы парағын бітіріп мұқабасын жапқаннан кейін бойыңызға бір орасан қайрат бітіп, қаза атаулыға да қасқая қарап «ал енді келсең кел» деген батыл сенімде боласың.

Автордың қанық тілі мен пәлен жыл пациенттерінің басынан кешірген мол деректер қоры сізді сөзсіз осындай байламға жетелейді.

«...Менің бастан кешкен халімді сіз де кешкен болсаңыз онда өлімнен өзге ғажайып жоқ екендігін жан жүрегіңізбен сезінген болар едіңіз.

Өмір – түрме. Өлім бар болғаны сол түрмеден босатып шығару ғана. Түсінесіз бе, өлімді бұдан өзге еш нәрсемен салыстыруға келмейді»,- дейді Раймонд Моуди. Бұл жерде оқырман қауым теріс түсініп қалып жүрмесін. Біздің өлімді насихаттау еш ойымызда жоқ (Қазақ қауымы қазаға қатысты қаншама деректерді сараптаған осыбір ғылыми еңбектен аз-кем мағлұматы болсын деген тілеуқор ниет ғана). Қайыра айтайық, кітаптың бар мақсаты адамды өз-өзіне қол жұмсауға емес, өлімнің тұмса құпиясын танымдық тұрғыдан пайымдай білуге талпындырады.

Адамның ақырғы сәтіндегі әлемтапырық халін ақ қағазға бәдіздеген осындай айтулы еңбектің бірі Имам Ғазалидің «Сахарат Мәут» (Өлім алдындағы сәт) атты еңбегі. Ғазали бұл жазбасы арқылы ғаламның адам алдына қойған ауыр сұрақтарына жауап іздейді. Расында адамзат баласының тұмса сыры бүгінге дейін түбегейлі тарқатылып бітті ме? Алтын сәулесін алып таудан асырған күн шапағы бәз бір адамдар үшін бүгін ең соңғы көрер жарығы екендігін ет жүрегі сезе ме екен? Егер сезбесе, адамды соншалықты әбігерге салып қолды аяққа тұрғызбаған асықтықты, я болмаса тұла бойын дерт меңдеген ауыр науқасты соңғы сәтінде аяғынан тұрғызған алапат күшті арғы бабаларымыз неліктен «бойжасау» деп бөлекше атау берген? Қазақ әдеби тілінің сөздігінде «Бой жасау – ауру адамның бақилық болар алдындағы бір сәтке сергіп аурудан айыққандай сезінуі. Бой жасау бұл тіршілік шырағы сөнер алдындағы адамның соңғы қуатын танытатын шолақ сәті» деп анықтама беріліпті. Сіз сауығып кетті деп ойлаған сол адамның жағдайы жаңбырдан кейінгі кемпірқосақ тәрізді тым алдамшы ғана. Кейін бәрі де көз алдыңызда бұлт беріп өзгеріп сала береді. Ал айтыңызшы, бұл бойжасау ұғымын қандай заңдылық негізінде түсіндіріп беруге болады? Кванттық физика бұған не дер екен? Не десек те кәрі дүниенің біз білмейтін құпиясы әлі де мол болғаны ғой. Әзірге мұны талдап, тарқатып беруге бүгінгі ғылым да дәрменсіз тәрізді. Айтпақшы, Ғазалидың аталған еңбегін оқу я оқымауды оқырманның өз қалауына қалдырған дұрыс секілді.

«Бардо Тодал»

Тылсым ілімнің желісін үзбей сан ұрпақ сабақтастығының нәтижесінде бүгінге бүтін жеткен Таңғұт патшалығының ең көне кітаптарының бірі «Бардо Тодал» (Біздің тілге тәржімаласақ «Өлілер кітабы» болады). Еңбектің есімі өзі айтып тұрғандай негізгі идеясы өмірден озған жанның өлімнен кейінгі кешіретін кебі хақында. Қайнар бастауы будда ілімінің негізімен байыған бұл кітаптың да қысқаша мазмұны мынаған саяды.

Көне еңбек бір-бірімен матасып, алты ахуалды айшықтаған негізгі үш кітаптан тұрады. Кітаптың алғашқы үш бөлімі өлімге дейінгі ахуалдан ақпар бересе, қалған үшеуі өлімнен кейінгі жағдайды баян етеді.

Біріншісі, Чикаи Бардо. Мұнда пенденің соңғы сәті, дәлірек айтсақ өмірден өткен мезеті сөз болады. Жазбаға сенсек, бұл ахуал шамамен үш күнді қамтиды екен. Екіншісі, Хониид Бардо. Шыбын жаны зау көкке көтерілген адамның алдынан кездесетін түрлі қиындықтар мен кедергілер турасында. «Хониид Бардо» адам рухының алдыңнан кездесетін мұндай түрлі қиындықтар мен елестердің ешқайсысынан қорықпауды үйретеді (Айталық, алты қолды үш басты құбыжықтан немесе адамның бас сүйегінен жасалған көзеден қан ішіп тұрған түрлі жан түршігерлік үрейлерден).

Үшіншісі, Сидпа Бардо. Рухтың ғазауат соты. Мұнда ендігі екінші өміріңді кім болып бастайтының сарапқа салынады (Мұсылман түсінігіндегі «амал дәптеріңнің» оңыңнан я солыңнан берілетіні секілді). Осы үшінші жазба иуда ілімінің карма ұғымына да көп ұқсас келеді. Қысқасы, бұл үш кітаптың да оқиға сорабы барлық адамзатқа ортақ «қабір азабы» мен «барзақ», «жұмақ» пен «тозақ» іспетті тылсым түсініктер негізімен де қойындасып жатыр. Адамның сакральды дүниені қабылдауы көбінесе өзі өнбойынан өткізген я болмаса ата-бабасынан жеткен архайкалық түсінік негізінде жатса керек. Айталық, үнді халқы үшін Құдайдың ассоциациясы матриархат (әйел ана) бейнесінде болса, мұсылман үшін патриархат (ақсақалды ата) бейнесінде. Бұл бейнелер де адамзат нәсілінің жүріп өткен өткелектерінің жылнамасы. Мәселен, ыстық жақта өскен араб адамы үшін жаһаннам от пен жалын бейнесінде болса, солтүстік аляска халықтарының мифтік мәліметтеріне үңілсек, тозақ атаулы аяз бен көксүңгі мұз есебінде (Көрдіңіз бе, адамның дүниені пайымдауы оның өскен өңірі мен танымдық түсінігіне де көп қатысты болып отыр ғой). Айталық, мұсылман пәлсапасы бойынша адам көрге түскеннен кейін ең әуелі Мәңкүр мен Мүңкір атты қос періште сотының тезінен өтеді. Ал арғы жағы айтпасақ та түсінікті ғой...

Не десек те, біз аңдатқан бұл үш еңбек те өлімнен кейін де «өмірдің» бар екендігіне әйтеуір іш бұрады.

Осындайда басыңа мынадай да бір ой келеді. Негізінде дүние керісінше болуы да ғажап емес. «Өлген» біздер ал, «өлмегендер» аруақтар болуы да бек мүмкін ғой. Әрине, бұлай ойлаудың да өз тиянағы бар. Айталық, адам ғұмыры шексіздіктің 0,1 секундын да құрай алмайтындығын ескерсек, онда Сенека данышпанның «Біздің өлген күніміз мәңгілігіміздің туған күні» деген сөзінің астарында да көп құпия жасырынып жатқан болды ғой.

«Джняна-йога»

Санама төңкеріс жасаған ерекше еңбектің бірі. Аталған кітаптың авторы үндінің көрінекті ойшылы Свами Вивекананда.

Осы есім әйгілі неміс философы Шопенгауэрдің авсолютті ерік мәселесіне қарсы сын айтқандығымен де мәлім тұлға. «Джняна-йога» 1896 жылы Лондон шәрінде оқылған он төрт дәрістің негізінде дестеленген ғажайып еңбек. Әуелі кітаптың негізгі идеясы жайында сөз сабақтамас бұрын оқырман назарын мына бір мәселеге бұрсам ба деймін.

Қазақта «тірі өлік» деген ұғым бар. Ойдың жүлгесін тереңнен таратсақ «өлім» адам өлмей-ақ тұрып та орын алатын құбылыс екендігін дәлелдеп тұрған қағида. Адамның кез келген қоғамдық оқиғада үнсіз қалуы оның шын өлгендігінің басты кепілі емес пе. Жазушы Б.Соқпақбаевтың әлгі «сотқар» Қожаның ауызымен айтатын «өлген адам сөйлемейді» тезисінің шыңғырған шындығы да дәл осы ғой. Былай деп айтайық.

Егер әлемдегі күллі «дін» атаулының бойынан жалған намыс пен өзімшілдікті, ұлтшылдық пен эмоцияны толыққанды сылып тастайтын болсақ, онда тек жарқыраған РУХТЫҢ өзі ғана қалар еді. Біздіңше, осы РУХ қана дін. Мұны доктрина деңгейінде пайымдар болсақ, оның қысқаша девизі былай болар еді. Адамды «дін» емес, тек рух жетілдіреді. Адам рухтың бірегей мұраттарын танығанда ғана ЖЕТІЛГЕН ЖАНҒА айналады. Сонымен «тірі өлікке» айналудың басты дәлелі өзіміздің қай күні «өлгендігімізді», дәлірек айтсақ рухпен сұхбатымызды тарс ұмытуымызда жатқан тәрізді. Әркімнің өз кеудесінің іші ғана «Мекке» мен «Мешіт» десек, өзін танымаған, өзінен қашқан адам ғана мешіт пен шіркеуден пана іздейді. «Біз адам деп денені ғана көріп тұрмыз. Шын адам бұл дене емес» дейді Свами Вивекананда. Жанның мәнін терең зерделеген ойшыл рухтың әлмисақтан бар екендігін, ал өлім атаулыны өмірден еш бөлмей бір контексте қарайды. «Егер сіз өлімнен кейін де мәңгі өмір сүретін болсаңыз, онда бұл бір-ақ нәрсені білдіреді, сіз туылғанға дейін де мәңгі өмір сүрдіңіз, мұның басқалай болуы еш мүмкін емес» дейді ойшыл. Күллі ғарыш атаулы адамның өз ішінде екендігін, адамның уақытқа емес, керісінше уақыттың адамға тәуелділігі турасында небір ғажайып мысалдар келтіреді.

«Дүниедегі жалғыз зұлымдық – бұл адамға оның әлсіздігін сіңіретін ойлар мен сөздер екеніндігін ұдайы қаперіңізде ұстаңыз. Егер күн сөніп, ай тозаңға айналып жатса онда сіздің не ақыңыз бар. Ең бастысы сіз мәңгіліксіз ғой. Ғаламның шын Құдайы сізсіз» - дейді. Рас-ау, кейде көп дүниенің буланған әйнектей көрінетіні үрей мен надандықтан ба екен деймін. Үрейін жеңген жанға дүниенің самаладай жарқырап көрінетіні де айдан анық қой. Осыны оқығанда есіңе бірден Мағжан ақын оралады.

Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,

Надан адам өлім жоғын білмейді.

Өзім – патша, өзім – қазы өзім – би

Қандай ессіз не қылдың деп тергейді.

Өзім – Тәңір, табынамын өзіме,

Сөзім – құран, бағынамын сөзіме.

Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,

Енді ескілік келдің өлер кезіңе.

Қандай биік, нендей асқақ мінез десеңіші. Міне, «дін» деген осы. Өлеңнің өн бойындағы жетілген «мен» жер жаһанға сыймай атой салып алқынып тұр. Мағжан бойындағы осынау алапат рухты аласарту мүмкін бе енді? Бұл алаштың аспанға шапшыған асау «егосы» ғой. Бір-бірімізден сұрауға толық қақымыз бар. Айтыңызшы, осы РУХ қазір қайда кетті?!

Абайдың бақи туралы пайымы

Орыс халқы үшін Достоевский мен Толстойдың әр басқан ізі қағазға хатталған ба, онысынан еш хабарым жоқ, бірақ неміс халқы Ницшенің ой кеулеп жанұшыра алас ұрған сәтіндегі жүрген жері мен отырған тасына дейін түгелге дерлік ескерткіш орнатқан. Бұл, әрине тұлғаға деген үлкен құрмет пен биік мәдениеттің белгісі болса керек. Абайдың әр аттаған қадамын қайдам, бірақ әр туындысы ғылыми тұрғыда талдануы тиіс деген пікірдемін. Өйткені Абайды зерделеудің ар жағында қазақтың өзін-өзі етене тануы жатыр. Алаш арысы Х.Досмұхамедұлының «Біз мәдениетті жұрт болсақ, Абайдың бір бет өлеңіне мың бет жору (комментарий) жазған болар едік» деп отырғаны да сол. Біз Халелдің осы бір пайымын ескере отырып, хакім өлеңдерінің ішінде қағаберісте қалып, әдеби сараптама көрмеген бір ғазалы жайында қысқаша ой өрбітсек пе деген ниетіміз бар.

Сонымен «Сөз айттым әркім болса дидар талап» демекші әуелі ақын өлеңінің әлхиссасына келейік.

Асқа, тойға баратұғын,

Жаны асығып, жас жігіт.

Қолға кетті жауға бір күн,

Тірі адамның ісі - үміт.

Қозғады жау батыр ерді,

Жауға сойқан салғалы.

Қалыңдығы қала берді,

Жатыр еді алғалы.

Бастапқы екі шумақ өлеңнен біз бас құрағалы жатқан жас жігіттің аяқ астынан айтақ салған жауға түмен қолмен бірге аттанып бара жатқандығын көреміз. Әрине, бұл ілкідегі кез-келген еркек атаулының тағдыр тақтасына жазылған тәләйі-тұғын…

Асықсаң да, шырағым,

Саған деген құданың

Жазылған қандай жарлығы,

Есіткен жоқ құлағың.

Адам жазмышына жазылған бұл жарлықтан әмәнда бейхабар ғой. Өлеңнің осы бір шумағын оқып отырып бір сүреңсіз дүниенің болатындығын күні бұрын сезіп қоясың. Сөзсіз, оқырманның да құлақ күйі осы жайға бейсана бейімделе бастайды. Ақын ой ортасынан ауғанда артта қалған асық жарға да іштей бекем болуды, құлағы естімеуге тиіс бір жайсыз хабардың орын алатынын да ептеп ескертіп қояды.

Қалыңдық құшып, сүюге,

Күйеуіне ынтызар.

Келісімен тиюге,

Дайындалған ойы бар.

Көйлегін ақтан тіккіштеп,

Күні-түні дем алмай,

Бітіруге жүр күштеп,

Асыққансып, тоқталмай.

Бұл енді жан жүрегін алақан етіп ұсынған ынтызар жардың зарыға күткен ширақ қимылы мен тоқтаусыз тілегі ғой. Қазақ поэзиясы үшін осы бір орасан сезім өз шығанына жетіп жырланған тақырыптың бірі. Екінші дүниежүзілік соғыстың өзін есепке алмағанда біздің тарих жан жарын ұрыс даласына аттандырған асыл аналардың көлдей көз жасынан тұратын тарих емес пе. Абайдың бұл кейіпкері де сол аналарымыз секілді зарығып аңсау мен сарыла күтудің сапында тұрған «қайран жар».

Сен асыққан екен деп,

Алла әмірін өзгертпес.

Айтқаның болар ма екен деп,

Мен қорқамын, көз жетпес.

Жара басты кеудені,

Жаудан өлді ар үшін.

Ескермей өзге дүниені,

“Аһ!” деп өтті жар үшін.

Ақынның сөз басында аңдатқан сәуегей ойы енді міне, шындыққа айналды. Арудың асыға күткен жан жары майдан даласынан қайырылмай қалды. Әрине, аталған ұғымды «бұл енді жазмыш қой» деп жылы жаба салсақ та болар еді. Бірақ байқайсыз ба, осы жерде аңдаған адамға тағы бір түсініктің жүзі ұстарадай қылпып тұр. Ол не десеңіз, адам мен Алла уақытының өзіндік өлшем бірлігі. Адам баласы әманда асыққыш, не нәрсенің болсын нәтижесін тез көргісі келеді ғой. Ал, Алланың уақыты өзге. Осы өзге «уақыт» тылсымына пенде баласы әмәнда бойламақ емес. Бұған хакім «Сен асыққан екен деп, Алла әмірін өзгертпес» деп гносеологиялық пайым жасайды.

Жамандық тұрмас күттіріп,

Ел есітті, қыз білді.

Ақ көйлекті бітіріп,

Кебінім деп киді, өлді…

Бізге белгілі болғаны жігіт артынан жас арудың да көп тұрақтамай бұл дүниемен хош айтысып кете барғаны. Әрине, асыл жарды жантәсілім еткен жемір ойдың да мазмұны біз үшін бес саусақтай белгілі. «Енді аялдап қалардай бұл фәниде не мағына қалды. Екеуміз бұл дүниеде қосылмасақ та о дүниеде мәңгілік бірге боламыз» деген жастықтың эмоционалды түсінігі қой. Ең қызығы, ыстық қанды, өрт демді бұл түсінікке кез келген «мәжүн» жас еш ойланбастан бара алады.

Қайыра айтайық, осы пайым негізінде қайран жар өз өмірімен хоштасты. Енді әліптің артын бағайық. Абайдың ақырғы екі шумағы бұл түсінікке не дер екен?

Қол жетпеген некені

Сүйіп кеткен жан екен.
Көзің неге жетеді,

Қосылмақ онда бар ма екен?


Шыны ғашық жар болса,

Неге өлдім деп налымас.
Онда екеуі кез келсе,

Бірін бірі танымас.

Өлең осымен тәмам. Бұл шумақтан біз қаза болған қыз ұғымына қарсы келіп отырған ақын пайымын көреміз. Бақида еш қосылмақ жоқ, қос ғашық бірге болмақ тұрмақ, кездесе қалғанның өзінде бірін-бірі мүлде танымайды деп өзгеше байлам жасайды. Осы орайда бәс тігуге бармын. Бәз бір «данышпандар» Абайдың бұл ойын сан саққа жүгіртіп, «азамат елін қорғап шаһит болғандығы үшін пейішке, ал қыз өзін жазым қылғаны үшін тозақтық болды, сондықтан бұл екеуі бірін-бірі әрине көре алмайды» деп кісі күлкісін келтіретін келте пайымдар жасар.

«Бүкірді көр түзетеді» тезімен қарасақ, әрине мұндай мүгедек танымға жасар еш қайранымыз жоқ... Ең бастысы, Абайдың осы «Бірін бірі танымас» ұғымында үлкен мағына жатыр. ДАНЫШПАН БҰЛ ПАЙЫМДЫ ӨЛЕҢДЕГІ ТЕК ЕКІ КЕЙІПКЕРІНЕ ҒАНА ЕМЕС, КҮЛЛІ АДАМЗАТ БАЛАСЫНЫҢ БАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫРЫП АЙТЫП ОТЫР. Түсінесіз бе, хакім өлімнен кейін адамның бірін-бірі көрмегінің ешқандай да мүмкіндігі жоқтығын алға тартады. Расында бұл жердегі қаза атаулы өлеңдегі қос кейіпкермен ғана тамамдалып тұрған жоқ қой. Әгәрәки, өлімді үлкен бір пәрменді ОДАҚ десек, біз сол одақтың бар болғаны уақытша ғана тірі мүшелері емеспіз бе?

Сонда әлгі мұсылман шариғатындағы «жастай шетінеген баланың ата-анаға шапағатшы болатыны, қиямет күнінде бірі-бірімізді көретініміз, жан жарымыз жақсы болғанда бақи дүниеде де бірге болатынымыз» қайда қалады? Әрине, бұл түсініктерді тура мағынада емес, әуелі ондағы рәміздер мен символдық ұғымдарды терең талдау арқылы сөз қозғауымыз керек шығар. Не десекте Абайдың бұл пайымы біз күнделікті естіп, әм иланып жүрген шариғат парадигмасынан тыс.

Ең өкініштісі, біздегі молдалық әм можантопай түсінік Абайды шариғат шеңберінде матап еш шығарғысы жоқ (Бізге салса ұлы Абайды да қораш түсінігіміздің есігін қақтыртып, екі аяғын кіреберіске мәңгілік сүрткізіп қойғызғымыз бар).

Анығында Абайдың бақи туралы бұл байламы ойыңды ойран етіп, санаңды сан саққа жетелейді. Сонымен хакім аталған көзқарасты қайдан алды? Оның негізгі генезисі қайда жатыр? Міне, бұл сұрақтарға көшелі жауап беру үшін, төмендегі ұғымдарға бір бойлап алайық.

Суицид

Абайдың өз-өзін құрбан еткен кейіпкерінен шығады ғой бүгінде жапон самурайларының өз ішін өзі есіп жіберетін камикадзелік ерлігін я не бір ойшыл жандардың суицидке бас тігуіне байланысты жағдайын зерттеген еңбектер қарасында еш қисап жоқ. Осынау ұшы қиыры жоқ кітаптар тізімін келтіріп онсыз да оқырманның аз уақытын ұрламай-ақ қоялық. Біздің бір ғана тоқталып өтпек тақырыбымыз иран режиссері Аббас Киаростамидің «Шие дәмі» атты фильмі. Оның Бади есімді бас кейіпкері өзіне қол жұмсағаннан кейін көметін адам іздейді. Міне, фильмнің бастан аяқ оқиғасы осы ғана. Не десек те адамның өз-өзіне қол жұмсауының ар жағында адамның жанын езген ащы қайғы тұр. Ең өкініштісі пенденің өн бойын меңдеген осынау қапырық халді ешкімнің де түсінгісі жоқ. Бәрі де құрттаған мораль соғып, құр ақыл айтады. Осы жерде біз мына бір мәселені де аңдатып өтсек дейміз. Ойшылдың қашанда жай адаммен салыстырғанда қайғысы кермек қой. Біз мана ғана сөз еткен Мағжанның «мені де өлім әлдиле» тілегімен Абайдың әлгі албырт кейіпкерінің қайғысын бір-бірімен еш салыстыруға келмейді.

XX ғасыр басында «Түн. Толқыған қан» деп налыған Мағжан мұңының кермегі ащы. Осы жалғыз-ақ ауыз сөз кешегі кеңес қоғамының шын портреті-тұғын. Ал біз адам ішіндегі осынау етін ерітіп, сүйегін жасытқан ащы қайғыны емес, бар болғаны суицидтің тек сыртқы формасын ғана көріп тұрмыз. Кермек қайғыны емес, қайтқан адамның өзін ғана жазғыруға әуеспіз. «Астапиралла, адамның өз-өзіне өлім тілеуі деген не сұмдық, мұнысы Құдайға шет емес пе» деп әйтеуір бас салып табалай түсуге әзірміз (Біз реті келсе Мағжанға да дәл осылай деп ауызымыз жыбырлап ақыл айтқымыз келіп отыр). Ал арыстың жанын жаншып, сүйегін езген, өтірікке өңешінен мелдектеген мерез қоғамда ол үшін өмір сүрудің «тозақ» екендігін тіпті де түсінгіміз жоқ (Тозақ дегеннен туындайды ғой, айтыңызшы, адамның өз ар-ұятынан артық қандай тозақ оты болушы еді). Кинодағы кезіккен жолшыбай адам да Бадидің басын ауыртып дәл осылай ақыл соғады (Әрине, адамның өз-өзіне қол жұмсаудың қабағат қателік екендігін бас кейіпкер бес саусағындай біліп отырса да).

Киноның шарықтау шегінде мынадай бір екеуара диалог бар.

«Өзіңнің ішіңдегі өрттей қайғыны өзгеге жұқтырып біреуді бақытсыз қылғаннан өзге қандай үлкен күнә болуы мүмкін. Қалай десекте өзіңді өлтірдің не, әлде біреу келіп сені өлтірді не, әйтеуір бір өлім емес пе» дейді. Тым сүйекті сөз. Осы жерде сәл кідіріс жасап, жақсылап тұрып толғанып алуымыз керек секілді. Қазақтың «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» тәжірибесімен қарасақ, рас, қайғы да жұқпалы нәрсе ғой. Бұл сонда нендей қайғы, ол адамға қалайша жұғады? Ғұмыр «Естілерден есалаңдық жұқтыру» десек, анығында біз белгілі бір тұлғаның кітабын оқып немесе киносын көріп қана отырған жоқпыз, сол адамның шер қайғысын өзімізге бейсана жұқтырып алып та отырмыз ғой. Тағы да қайталап айтуға мәжбүрміз, ол адамның қайғысы енді сол мезеттен бастап біздің төл қайғымызға айналады. Міне, Бадидың да басты қорқынышы осы (Ал Мағжанның қайғысы екібастан белгілі ғой). Есі бар адамға екеуінің де дерті эпидемияға тән. Тым жұқпалы. Егер де жай адамның біріне жұға қалған жағдайда ол адам сол сәттен бастап «бақытсыздықтың» қамытын киеді. Мұндай дертті көтеріп тұру үшін үлкен таным мен бірбеткей мінез қажет. Қош... Біз неге осы өз принциптеріміз бен ар-ұятымызға жиі қарама-қайшы келе береміз? Себебі мұндай «қайғы» атаулы еш тақылетімізде жоқ. Біз оны қолдан жасаймыз я қайғылы болып көрінуге тырысамыз. Ел қамын жеген Едігенің бейнесін сомдап, әттең Әлихандар өліп қалды ғой деп өп-өтірік аруақтарды мүсіркейміз.

Негізі қате пайым. Олар – тірі, өлген – біз. Әрине, мүсіркеу керісінше болуы керек еді. Кино желісінде Құраннан мысал келтіріп Бадиге ақыл айтатын бір студент бар. Осы эпизод адам жанының жаңа қылмысын ашатын ғажайып сұхбат. БҰЛ БІЗДІҢ ӨЗ КЕМШІЛІГІМІЗ БЕН ӘЛСІЗДІГІМІЗДІ ҚҰРАН МЕН ІНЖІЛДІҢ ПАРАҒЫНА ЖАСЫРЫП, СОДАН АСКЕТТІК БЕТПЕРДЕ ЖАСАЙТЫН НАЙСАП НИЕТІМІЗДІ ТАС ТАЛҚАН ҚЫЛАТЫН ҒАЖАЙЫП ЭПИЗОД. Қысқасы, қасиетсіз қылықтарымызды ақтау үшін қасиетті жазбаларды да қолжаулық қылуға еш арланбайтынымызды аямай шенейді. Өлімге пар опсыздығымызды Құран мен қорғаштаудың құпия сырын ашады... Сонымен «Шие дәмі» киносының тоқ етер түйіні мынау. Өмір ешқандай да сынақ емес, ол бар болғаны мүмкіндік пен таңдау ғана. Киаростамидің бар айтқысы келгені осы.

Ал сіз бен біз «өтіріктің балын жалап өмір сүреміз бе әлде шындықтың уын ішіп өлеміз бе» бұл енді әркімнің өз еркі мен таңдауындағы дүние ғана.

Бір шумақ өлең немесе «жүз он бесінші сүре»

Интертекстуальдік терминін 1967 жылы ғылыми айналымға тұңғыш енгізген француз әдебиеттанушы ғалымы Юлия Кристева. Оның пайымдауынша қандай да бір мәтін өзіне дейінгі әм өзімен қатар тұрған мәтіндермен ұдайы диалогқа түседі. Бұдан біз тек адамзат зәузатының ғана емес, ой мен сөздің де өз «ата-бабасы» бар деп қорытынды шығаруымызға әбден болады. Осы тектес түсініктің бірі герменевтика ұғымы. Егер де аталған салаға ащы терін берген бір адам болса ол неміс ғалымы Георг Гадамер болар еді.

«Кез келген мәтін өзіне дейінгі айтылған және айтылмаған сөздерге әманда сілтеме жасап тұрады. Солай ғана шын мәтіннің мағынасы толыққанды ашылады» дейді Гадамер. Біз бұл цитаталарды келтіріп отырғандағы себебіміз жоғарғыдағы хакім ойының ұшығына жету. Айтылған ойға жанама я тікелей әсер еткен бастапқы мәтіннің негізгі «мекенін» табу.

Өлім тақырыбы Абайды да алас ұрғызған жоталы ұғымдардың бірі. Рас, индукция мен дедукцияның байыбына жету үшін кемеңгер сансыз кітаптарды парақтағаны анық. Көп оқығандығының дәлелі ретінде 1885-1886 жылдары Сібір өңіріне саяхат жасаған Кеннанның «Сібір және қуғын – сүргіндік жүйе» атты кітабынан бір үзім мысал келтіре кетейік. Саяхатшы Семейде Леонтьев деген ірі оқымыстымен жолыққанын жазады. Леонтьев оған Боклды, Мильді, Дрэперді, Сэр Генри Мэн мен Эдгар Аллан Поны, тіпті Дарвинді оқыған қарт қырғызды білетінін, оның есімі Ибраһим екендігін айтады. Бұл Абайдың «ғайыптан тайып болып» хатқа түсіп қалған мыңдаған кітаптарының тек бір парасы ғана болуы мүмкін. Әрине, аталған авторлардың бәрі Еуропаның кіл мықтылары. Бұған енді шығыстың алыптар тізімін, сосын ақынның автономды еркін ой ағысын қоссаңыз не болар еді. Біз осы жердегі «еркін ой» ұғымына ерекше мән бергіміз келеді (Абайдың ақын шәкірті Шәкәрім «Ақылға еркін ой керек, матаудан ойды азат қыл» дейді). Абайдың бақи жайында (жоғарыда атап өткеніміздей) мүлде бөлек байламға сыр байлауына бірден-бір әсер еткен дүние автономды көзқарасы мен қазақтың қара өлеңі деген ойдамыз. Әрине, қазақ баласы үшін қара өлең шіркінде еш қисап жоқ қой. Біз соның тек бір шумағын ғана осы ойымызға негізгі тиянақ етсек дейміз. Сонымен жоғарыдағы хакім өлеңіне мың жылдықтар жылғасынан сәуле шашыратып сілтеме жасап тұрған мәтін ол, мынау ғана.

Дүние ойлап тұрсам шолақ екен,

Адамдар бір біріне қонақ екен.

Барында оралыңның сыйласып өт

Қызығы дүниенің сол-ақ екен.

Әгәрәки, Абай пайымын бітік орманға балап, сол орман арасында адасып қалдық деп есептесек, осы бір шумақ өлең солтүстік полюсті көрсететіп тұратын компос тілшесіндей хакім ойына өз шұғыласын түсіріп тұр. Енді бір шумақ өлеңнің өз пәлсапасына оралайық.

Дүние кірпік қаққандай тым қысқа дейміз. Қысқа екендігі анық болса адамзат ғұмыры бір мезетке ғана үйіңізге дәм татуға келген қонақтай аса қадірлі ғой. Ендеше қара өлең ішіндегі екі рет қайталанып тұрған «дүние» ұғымы фәни әм бақи боп бөлінбес біртұтас барша ғалам. Бұдан шығатын байлам, біз көрген дөңгелек күн де, орақтай айда жалғандағы жалғыз-ақ рет көретін ұлы мұғжизаларымыз. Түсінесіз бе, аяулы ана ардақты әке, сүйікті жар, сүйкімді бала, бәрі-бәрі біздің бір-ақ рет көретін ұлы ғажайыптарымыз.

ДҮНИЕДЕ ЖАЛҒЫЗ-АҚ РЕТ КӨРЕТІН СОЛ ӘКЕ МЕН ШЕШЕНІ, АҒА МЕН ҚАРЫНДАСТЫ, КЕРЕК ДЕСЕҢІЗ ИСІ АДАМЗАТ БАЛАСЫН ЖАН ТӘНІҢМЕН БЕРІЛЕ ҚҰЛАЙ СҮЮГЕ, ЕКІ КЕЛМЕГІҢ ЖОҚ ОРАЛЫҢДА ОСЫНЫҢ БӘРІН ТІКЕҢНЕН ТІК ТҰРЫП СЫЙЛАУҒА ШЫНЫМЕН-АҚ ТАТЫРЛЫҚ ҚОЙ.

Әрине, татырлық дейміз...

Мейлі келіс, келіспеңіз бұл «мұғжизалар» мен «ғажайыптарды» енді екінші рет көрмек әманда жоқ. Міне, жалғыз-ақ шумақ қара өлең нарқы біздерге осыны аңдатып саулы інгендей аңырап тұр.

Біз үшін енді бәрі де белгілі болған секілді. Абай ойының астары да анадайдан мөлдір бұлақ астындағы малта тастай жарқырып көрініп тұр. Сол жарқырап тұрған шындықты не нәрсені болсын тура мағынасында қабылдап әбден жаман үйренген люмпен санаға бәрін тәтпіштеп түсіндірем деп қара терге түсудің де қажеті жоқ (Әйгілі француз жазушысы Эмиль Золяның «Ақымақтың ақымақ екендігін есіне салмай онымен бір минутта сөйлесу мүмкін емес» дейтіні де осы лепес қой). Бұл жердегі бір шумақ өлеңнің бойынан көтеріліп күллі адамзатқа қарата айтылған «біріңді бірің сыйла» ұғымы құр мораль емес, ең әуелі мынау дидар ғайып дүниені тәу етіп құрметтеу мен сыйлауды биік межеден түсіндіріп тұрған ғажайып формула. Егер де дүние молдалар айтқандай адамның жер үстіндегі өмірі (өлгеннен кейін де) қайыра жер астында еш бұлжымастан жалғаса берсе оның несі қызық әм онда мына бір шумақ өлеңнің нендей мағынасы қалды. Егер молдалық мақам әуезіндегі бұл гипотеза рас болса жоғарыдағы хакім ойы мен ілкідегі қара өлең шумағы неліктен басқалай сөйлеп отыр. Қос ғазалдың тек әріптер тізбегінде қалқыған беткі шындығына емес, емес түпкі тағанына үңілсек бәрі де түсінікті болатын секілді. Бұдан біз бақи болмайды, Тәңірдің таразысы қисық, соты жоқ деп отырғамыз жоқ.

БІЗ БАР БОЛҒАНЫ ЕКІ ДҮНИЕНІҢ ЕКІ ЭФИРЛІК ӨЛШЕМ ЕКЕНДІГІН, МҰНДАҒЫ МҰРАТТАРЫМЫЗДЫҢ ОНДА (яғни о дүниеде) ЕШ ЖОРАЛҒЫҒА ЖҮРМЕЙТІНІ ЖАЙЫНДА ҒАНА СӨЗ ШЫҒЫНДАП ОТЫРМЫЗ.

Ұлы дүниелер қашанда қарапайым болады ғой. Қарапайым ғана сол туындының бір қазақтың осы қара өлеңі дейміз.

Мақала тақырыбындағы тырнақша ішіне алынған «жүз он бесінші сүре» сөзі тек таңданыс ишарасы ғана. Әйтпегенде қасиетті Құранда мұндай сүре атымен жоқ. Небары жалғыз-ақ шумақ өлеңнің алапаты мен түмен сыры осынау «түспеген сүремен» пара-пар дегенді меңзегенен туған ой (Неге екендігін қайдам, маған осыбір өлең о дүниеден түскен аяндай аса қадірлі). Қайыра айтайық, біздің бар мақсатымыз оқырманға бәрін тәтпіштеп тұрып түсіндіру емес, тек ой тастау ғана. Білімді құран мен хадисті құр жаттаудың айналасынан емес, керісінше өмірдің өзінен сосын... сөздің мәнін терең зерделейтін рухани өлшем тезімен қарау қажет секілді. Бұл ойдан түрлі астар мен айып іздейтін жандар табылып жатса тағы да өздері білсін...

Осымен сөз тамам. Шағын ғана жазбамыз хакімнің рух шәрфіне жасалған үшбу дұғамыз бен мәрсиямыз еді. Әзірге қайыр қош делік...

Даннинг-Крюгер «күйігі»...

Бұл шағын тақырып бар болғаны менің субъективті пікірім ғана. Әрине, бұл мақаладан кейін ертеңгі таң басқалай атып, дөңгелек дүниенің дидары өзгеріп кетпейтіні тағы да мәлім. Қалай десек те демократияның ең басты құндылығы плюрализм ғой. Ойланған ой, жеке пайым бәрібір ортаға салынуы керек. Менің тәу етіп таған тірейтін басты құндылығым да осы. Ең сорақысы, біздің бойымызда бәріне де жақсы болып көріну дейтін жиіркенішті бір дүние бар. Әрине, мұны жағымсыз дүние дегеннен гөрі, көбіне жолыңды оңдайтын «қасиет» десек те болады. Осы «қасиетті» жұқтырғандар түгел елдің төрт тарапына өрт қойып жіберсең де өзіне пайдалы бір дүние болмаса мәу деп те үн шығармайды. Мұндай мінез кімге де болсын ұнамды болғандықтан олардың алдынан үнемі жасыл шырақ жарқырайды да тұрады.

Бұрнағы орыс жазушыларының арасында айтылған мынадай бір ескі сөз хатқа түсіп қалған екен. Бірде ақ патшаның шарапатына ие болып, онысын өз жолдастарымен атап отырған орыстың ортаң қол жазушысы: «Мінекей, аққа құдай жақ деген. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. Мұнымызды асыл текті ақ патшамыздың өзі де біліп, бағалап отыр», – деп мейманасы тасып тілек айтса керек. Арғы жағы айтпасақ та белгілі ғой, ду шапалақ пен ыстық лебіздерге көміліпті. Әңгіменің әбден қызған мезеті екен дейді. Сонда осы мәжілістің ортасында отырған естиярлау біреуі: «Мұның бәрі әлгі Достоевский мен Чехов шалдың арқасы емес пе», – депті төбеден ұрғандай теріс сөйлеп. – Ең әуелі сен ақ патшаға емес, анау екі данышпанға басыңды иіп алғыс айтуға тиіссің», – дейді тілегін тәмамдап жатып.

Сонда осынау сөзге шамырқанып, тамыры білеуленіп, көзі шатынап кеткен әлгі марапат иесі: «Бұл сенің қай мазағың, әлде өзіңнің ішкі бақастығың ба? Ол екеуінің бұл жерде нендей қатысы бар?» деп қалшылдап кеткенде: «Жазған-ау, бір сәтке түсінсең нетті, орыс қоғамы сол екеуін мұқату үшін сіз бен бізді әдейі көтермелеп, омырауымызға сөлкебай тағып отырған жоқ па», – деп жауап қатқан екен. Қазір өткен шақ жәдігеріне айналған бұл мысал өзіміздің де көп өмірімізге ұқсас. Әсіресе, талантты адамдардың өміріне қатысты десек, қателесе қоймаспыз. Мақаламыздың өрбитін негізгі бағытын анықтап алу үшін осы мензелдес тағы бір жанама мысалды келтіре кетейін. Бірде отандық арзанқол телебағдарламалардың бірінде ән байқауына келген бір қарындасымыздың қылығы әлі күнге есімнен кетер емес. Не дауысы, не музыкадан бір мысқал хабары жоқ сол қарындастың қалай ғана жүрегі дауалап сахнаға шыққанына қайранмын. Бірақ мұнысын білетін ол шіркініңіз бе «кешіріңіз, сіздің мүлде музыкалық қабілетіңіз жоқ» деген қазылар алқасына қарадай шабынып, «Мені еш түсінбедіңіздер, керісінше менің қаншама жылғы арман- мұратымды аяқ асты етіп тұрғандарыңызды білесіздер ме» деп өзіндеріне қарсы лап қойғаны бар. Сахнадан әзер дегенде сүйреп шығарғандай болған сол сурет әлі күнге көз алдымда. Сонда менің санамда о, тоба өзінің кім екендігін білмейтін, өз шамасын өзі бағамдай алмайтын бұл нендей феномен? Бұған тиянақты бір жауап бар ма екен деген сауал санамда туындаған болатын. Бақсақ бар екен. Мұнымыз ғылымда «Даннинг-Крюгер» эффектісі деп аталады екен. Енді аталған эффектінің қалай ғана өмірге келгені хақында бірер сөз сабақтай кетейік.

1995 жылдың жадыраған жазы екен дейді. Бір адам талтүсте Питсбургтің екі банкін астын үстіне шығарып тонап кеткен. Ең қызығы, әлгі қылмыскердің бетінде ешқандай да жүзін жасырған бетперде болмаған екен. Тіпті ол сабазың осы жалаңаш жүзімен банктің бейнебақылау камераларына қарап «ал маған не істейсіңдер» дегендей жымиып күлген көрінеді. Әрине, қылмыскер көп ұзамай қолға түседі. Әу басында банкті тонаған мен емеспін деп тайдай тулаған ол таспаға жазылған өз бейнесін көрсеткенде сылқ етіп отыра кетеді. Содан ол қатты таңырқап: «О, құдірет менің бетіме жаққан шырын сөлі болған еді ғой», – дейді басын шайқап. Осы жайтты тектей келе полицейлер әлгі тонаушының «лимон сөлін бетіне жаққан адамның жүзін бейнебақылау түсіре алмайды» деп ойлаған ойына айран-асыр болады. Аталған пікірді полицей қызметкерлері бұл адамның есі ауысқан я есірткіні шамадан тыс тұтынғаннан болып қияс сөйлеп отыр деген тұжырымға келген. Осы оқиғаны телеарнадағы жаңалықтан көрген Корнелл университетінің профессоры Дэвид Даннинг, өзінің аспиранты Джастин Крюгермен бірлесіп, бұл мәселені тереңірек зерттеуге кіріседі. Ғалымдар мұның сыры тіптен басқалай деген байламға бекиді. Сөйтіп олар студенттер мен сан түрлі мамандар арасында жүздеген әлеуметтік сауалнамалар мен сынақтар жүргізеді. Ең қызығы, сынақ барысында өте нашар нәтиже көрсеткен адамдар өз нәтижелерін тым жоғары деп бағаласа, керісінше, сауалнамаға дұрыс жауап бергендер өздерін төмен деп бағалайды екен. Сайып келгенде осы жүргізілген сынақтардың негізгі қортындысы мынадай түйініге әкелген.

Көбіне өз ісін өте жақсы білетіндерден қарағанда, білмейтіндер өзінің қарым-қабілеттерін өте жоғары бағалауға бейім екендігіне көз жеткізеді. Ғалымдар мұны адамның қабілетсіздігінен емес, керісінше өзінің кім екендігін ұдайы қаперіне салып отыратын ішкі өлшемнің мүлде жұмыс жасамай қалатындығымен түсіндіреді. Әлгі банк тонаушының ессіз әрекетінің негізгі себебі де осы. Ол адам еш ауру да, есірткіге тәуелді де емес. Оның «саудың тамағын ішіп, аурудың сөзін сөйлеп» отырғандағы басты мәселесі өзінің кім екендігін бағамдайтын ішкі пайымнан түбегейлі айырылып қалғандығында дейді Даннинг пен Крюгер. Сөйтіп, білместің «білемін» деген сенімділік иллюзиясы екі ғалымның есімі телінген «Даннинг-Крюгер эффектісі» деген атпен ғылыми айналымға түскен.

Егер де осы білместің «білемін» қағидасымен қарар болсақ, басқаны қайдам дәл қазіргі Қазақстан үшін ешкім де өз қабілетіне сай қызметте отырған жоқ қой. Жендет– дәрігер, топас – мұғалім, ұры – билікке жетіп өз өлермендігін жалғастырып отыр. ЕНДЕШЕ, БІЛІМ ДЕГЕНІМІЗ – ӨЗГЕНІ БІЛУ ЕМЕС, КЕРІСІНШЕ ӨЗ МҮМКІНДІГІМІЗ БЕН ШАМАМЫЗДЫ БАҒАМДАЙ АЛУЫМЫЗ ЕКЕН (Конфуцидің де «Нағыз білім – өз білместігіңнің деңгейін білу» деп отырғаны да осы болса керек).

Қазақтың осы «өз мінін білген әулие» өлшемінен ада бүгінгі саясаттағы томар бастарды сөз қылмағанда, әдебиеттегі не айтқыш (ақын деуге аузымыз бармайды), не менеджер (дұрысы делдал) не бандит екендігі белгісіз біреулер неге осы өңмеңдей береді? Бәлкім, мұның сыры Чарльз Дарвин айтатын «Надандықтың ең басты қасіреті адамға білімнен гөрі сенімділікті жиі туғызады» пайымында жатыр ма?! Бұл жердегі Дарвиннің «сенімділік» сөзі әлгі ішкі таразының түбегейлі қирап қалуымен тікелей қойындасып жатыр ғой. Әттең бізде кәсіби (профессионал) сын мен интеллектуал әдебиет пайда болғанда осылардың көбі асаба мен цирк әртістері болып кетер еді.

Бүгінде осы тыраштанушылар (абзалы популистер) әлемнің ең негізгі бас ауруына айналып отыр.

Оксфорд университетінің профессоры Paul Collier (Пол Коллиер) «Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарысқа прагматикалық тұрғыдан шешім ұсынуға ең басты кедергі келтіріп тұрған нәрсе де ол – популизм» дейді. Рас, танымалдықтан гөрі танымгерліктің жолы әманда ауыр ғой. Адам қазіргі жетілген технологияның күшімен бар болғаны бес-ақ минут ішінде «мәшһүр» болып кетуге болады (Әрине, арсыздық пен арзандаудың жолына түссе). Түптің-түбі әлемнің түбіне осы тыраштанушылар (популистер) жететін де шығар. Мойындауға мәжбүрміз, бұлар күллі дүниеге күбірткіше ендеп барады. ЕСЕСІНЕ ОЛАРДЫҢ ОСЫ БІР ОСПАДАР ҚЫЛЫҚТАРЫ НЕБІР ТАЛАНТТЫ ЖАНДАРДЫҢ МИЫНА ҚАН ҚҰЙЫП ЖІБЕРІП ТЕ ЖАТЫР. Егер де «Адамзат тарихы тұлғаның ғана тарихы» десек, талантты адам үшін өмір мен өнер (тек) карьера емес, ол бар болғаны миссия ғана. Сондықтан да мұндай жандардың арман-мұраты мен аңсары шын өнердің ғана қамында болады. Адам жағалау мен арам қулық іспетті жағымсыз қылықтар талантты жандар үшін атымен жат. Сондай-ақ олардың ішкі таразысы Сократтың «Менің білетінім ештеңе білмейтінім» тезисін ұдайы қаперіне салып отырса, ал енді тыраштанушылар (популистер) үшін мұнымыз мүлде керісінше.

Бір үлкен музыкатанушының айтатын мынадай бір тәмсілі бар.

«Кей әншілердің сахнада тәнін жалаңаштағаннан өзге, ысқырып-пысқырып, айғайлап секіруінің ар жағында табиғи дауыстың жоқтығы жатыр. Ол бейшаралар өзінің өнері жоқтығын осындай нәрселермен үнемі алдарқатқысы келеді». Бұл комплекс бір «әртістің» ғана емес, күллі өнер атаулыда жүрген қортықтардың негізгі өмір сүру формуласы.

Қайыра айтайық, зады қан сөлі мен сүйегіне өнер дарымаған адамдардың тыраштыққа, сосын атаққа өлермендігінің артында осы комплекс жатуы бек мүмкін ғой. Әгәрәки, қазақтың рухани Гиппократы Абайдың «Арсыз болмай атақ жоқ» тезисін онтологиялық тұрғыдан тектесек, бұл бейшаралардың шын дарындардан алатын негізгі өші мен бақастығы да осы (Әрине, басқалай қалайша бәсекелесе алсын).

Білесіз бе, шын өнерпаз үшін өзінен әлде қайда төмен біреудің оған мораль соғып, ақыл айтуынан өзге қиямет жоқ. Бұл жаныңды майсыз табаға шыжғырғанмен бірдей (Бұған жан-тәніңмен жазған дүниеңді еш оқымайтын үлкен әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмаған әлдебір әулекілер мен шенеуініктерден тұратын қазылар алқасының құрамын қосыңыз). Бағылан басыңның басқаға шыдамы жетсе де дәл осыбір «тозаққа» төзіп тұрмағың тіптен мүмкін емес (Біздің манағы «таланттар миына қан құйып» ойнаудың сан түрлі айла-шарғылары мен бопсаларының бірі де осы).

Әлеументанушылардың айтуынша өнері мен өресі бірдей, бірақ біреуіне ғана Нобель сыйлығы бұйырған адамның, әлгі ала алмай қалған жанмен салыстырғанда оның 10-15 жылға артық жасайтынын айтады. Осыдан-ақ позитивті көңіл-күйдің адам өміріне қаншалықты маңызды екендігін бағамдай білсеңіз болады.

Жапон халқының «Жалғыз ауыз жылы сөз қыстың үш айын да жылы етеді» деген мақалы бар. Біздің ойымызша дүниедегі ең суық нәрсе ол аяз да, ақтүтек боран да емес, дүниедегі ең суық нәрсе адамның ниеті мен көзқарасы.

Бұл жерде таланттарға тиесілі «жалғыз ауыз жылы» сөз жайында ештеңе демей-ақ қоялық (Жалпы біздердің біреуді мұңайту мен пұшайман ету ең негізгі ләззат алатын индексімізге айналғаны қашан). Өмірде мерез бен мейірімсіз деген сөздердің бар екендігі рас болса, онда оның шын бейнесі (портреті де) болуы керек қой. Әлде бұл қатыбас пенденің кісі кейпінде көрінген өз бейнесі ме екен?!

...Тым тәубәшіл халықпыз ғой. Таланты жандарды жоғалтып алып «бұл енді тағдыр ғой» дейміз біртүрлі күңіреніп сөйлеп.

Осы бір «тағдыр» сөзіне діни догматизммен емес, таза әлеуметтік реалды көбен қарасақ, көбіміздің көтіміз ашылар еді. Неге дейсіз-ау...

Себебі бұл уақыт «ұялмаған әнші ғана емес», не болғысы келсе сол бола алатындығын көрсетіп отырған нағыз популистің заманы ғой.